Жамбыл облысында қанша қыз балаға HPV вакцинасының бірінші дозасы егілді

Фото: Фото: Freepik

ТАРАЗ. KAZINFORM —  Жамбыл облысында 11-13 жас аралығындағы 36 204 қыз бала вакцинациялауға жатады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақта жаппай вакцинация соңғы бірнеше жылда жүргізіліп келеді. Адам папилломасы вирусына (ВПЧ) қарсы вакцина жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі саналатын бұл вирустың алдын алуда аса маңызды. Вакцина жыныстық өмір басталғанға дейін егілсе, тиімділігі жоғары болады. Сондықтан дәрігерлер қыз балаларға бұл вакцинаны 11–13 жас аралығында салдыруды ұсынады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, АПВ-ға қарсы вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Алайда өңірде бұл екпенің маңызын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы өңір бойынша 82 семинар өткізіліп, 2838 медицина қызметкері оқытылды. Олар қыз балаларға екпе егу жұмысын өздері жүргізе алады. Сонымен қатар 330-дан астам кездесу мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, оларға 2200-ден астам мұғалім, 6700 ата-ана және 5500 оқушы қыз қатысқан.

Егу жұмыстары мектептердегі 343 медициналық пункт пен 281 медициналық мекемедегі егу орындарында жүргізілуде. Олар қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен бірге 30 жылжымалы егу бригадасы жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау басқармасының қоймаларында АҚШ-та өндірілген 22 942 доза вакцина бар. Қажетті мөлшердегі вакцина егу орындарына жеткізілген.

2025 жылдың сәуірінен бастап өңірде АПВ-ға қарсы екінші тур вакцинациясы басталды. Бұл кезеңде қыз балаларға вакцинаның екінші дозасы егіледі.

150 мың оқушы папиллома вирусына қарсы вакцинаның екінші дозасын алады.

Бұған дейін 15 мың қыз адам папилломавирусына қарсы екпенің екінші дозасын алғаны хабарланды.