Жамбыл облысында мотоцикл мен мопед жүргізушілеріне жаппай айыппұл салынды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында 100-ге жуық мопед айып тұрақтарына қойылып, ондаған жүргізуші куәліксіз және құжатсыз қалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған департамент басқармасы облыста мопедтерге, мотороллерлерге және мотоциклдерге бақылау күшейтілгенін түсіндірді. Полиция қызметкерлері екі доңғалақты көлік жүргізушілері арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және тәртіпті арттыру мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.
– Үш күннің ішінде полицейлер мотоцикл жүргізушілерінің 236 жол ережесін бұзғанын анықтады. 5 жүргізуші мас күйінде, 57 азамат жүргізуші куәлігінсіз немесе талап етілетін санатсыз көлік жүргізгені үшін ұсталды. Сондай-ақ жалған нөмірлерді пайдаланғаны үшін 8 адам, мопед немесе скутерді тіркеусіз жүргізген 21 адам жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесінде түрлі заң бұзушылыққа жол берген 99 автокөлік арнайы тұрақтарға орналастырылды.
Бұған дейін Жамбыл облысындағы шекарадан 233 млн теңгенің темекісін жасырып өткізуге әрекеттенгендер ұсталған болатын.