Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 073 бала тіркелген, олардың 76,7%-ы ғана білім алуда. Осылайша, шамамен әр төртінші бала білім беру жүйесіне тартылмаған.
Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, инклюзивті білім беру үшін жағдай мемлекеттік мектептердің 95%-ында, балабақшалардың 82,5%-ында және барлық колледждерде жасалған. Соған қарамастан, нақты қамту деңгейі толық емес. Бұл инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық кедергілердің әлі де бар екенін көрсетеді.
Инклюзивті білім беруді дамыту аясында соңғы уақытта екі арнайы мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Сондай-ақ екі мектепте ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттері ашылған, ал бір балабақшада көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы топ құрылған.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум жұмысын бастады. Алдағы уақытта осындай тағы бір орталық ашу жоспарланып отыр.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға қолжетімділікті кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасып келе жатыр.
Еске сала кетсек, Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артып келеді.
Сондай-ақ былтыр ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған алғашқы қазақтілді қосымша таныстырылды.