Жамбыл облысында онкологиямен ауыратын науқастарға мүгедектік статусы берілмегені анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.
Нәтижесінде 2020 жылдан 2025 жылдың шілдесіне дейін Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығында III және IV сатыдағы ауру бойынша есепте тұрған 49 қала тұрғынының құқығы бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, онкологиямен ауыратын науқастар мүгедектік тобын анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілмеген, бұл олардың мүгедектік ресімдеу және тиісті мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алу мүмкіндігінен айырған.
– Прокуратураның қадағалау актісі бойынша 49 адам медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде биылғы қазан айынан бастап оларға I-ден III топқа дейін мүгедектік тағайындалып, кейіннен мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік берілді, - делінген Жамбыл облысының прокуратурасы хабарламасында.
Жол берілген заңбұзушылықтар үшін 5 дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағасы түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, елімізде жасанды интеллектінің көмегіне жүгініп мүгедектікті анықтамақ. Одан бөлек атаулы әлеуметтік көмекті де (АӘК) жасанды интеллект арқылы тағайындамақ. Жаңашылдық туралы толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтып берді.