Жамбыл облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен тергеу бөлімшесінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер Алматы аумағынан қолға түскен.
Тергеу мәліметінше, олар логистикалық компания қызметкерлері ретінде танысып, теміржол вагондарын ұсыну сылтауымен жәбірленушінің сеніміне кірген. Осылайша жалпы сомасы 22 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген.
— Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салайық, мұның алдында мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланғанын жазғанбыз.