Мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен аталған елден бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматшасын экстрадициялады.

Мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Видеодан алынған кадр

Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020–2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.

— Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген, — делінген хабарламада.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

Осы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан жеті адам экстрадицияланды, олардың бесеуі жымқырғаны үшін іздеуде болған.

Еске салайық, бұған дейін The Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланғанын хабарлаған едік.