Жамбыл облысының 3 ауданында құқықтық тәртіпті күшейту тапсырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Шу ауданында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен өткен көшпелі мекемеаралық мәжілісте Мойынқұм, Шу және Қордай аудандарындағы құқықтық тәртіп пен қылмыстық ахуалдың жай-күйі сараланып, жастар арасындағы топтық бұзақылық пен ұйымдасқан қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Мәжілісте Мойынқұм ауданында кейбір қылмыс түрлері азайғанымен, профилактикалық шаралардың әлсіреуіне полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі, адам көп шоғырланатын орындарда бейнебақылау камераларының болмауы және өзге де факторлар себеп болып отырғаны айтылды.
Осыған байланысты полиция қызметіне жедел құрамды күшейту, учаскелік инспекторлардың жұмысын жетілдіру және шалғай ауылдарда алдын алу шараларын жандандыру тапсырылды. Жергілікті атқарушы органдарға бейнебақылау жүйелерін орнату ұсынылды.
Сондай-ақ мәжіліс барысында көлеңкелі экономикамен күрес және жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2025 жылдың мамыр айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Ақбақай» кен орнында ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеті әшкереленіп, күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс прокуроры құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдар басшыларына өзара іс-қимылды күшейтіп, заңсыз әрекеттерге жедел ден қоюды, жедел ақпарат алмасу мен профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Мекемеаралық жұмыс тобы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды терең талдады. Нәтижесінде профилактикалық және жедел жұмыс жүргізудегі кемшіліктер анықталып, оларды жоюға және бірлескен әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы тиісті қадағалау актілерін енгізді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында үш күнде 280-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілді.