Жамбыл тұрғыны жабайы қарасора жинап жүрген жерінен ұсталды

Фото: Фото: облыстық ПД

ТАРАЗ. KAZINFORM –  Жамбыл облысының Меркі ауданында полицейлер түн ортасында жабайы қарасора жинап жүрген 42 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел іздестіру операциясы «Қарасора-2024» алдын алу іс-шарасы барысында өткізілді.

Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, күдіктіден жалпы салмағы 61 кг 700 гр, оның ішінде 39 кг 700 гр «кептірілген марихуана», 22 кг «кептірілмеген марихуана» тәркіленді. 

Фото: Облыстық ПД

Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ол бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін сотты болған.

«Күдікті түнде сағат 23:50-де ұсталды. Одан орып дайындаған жабайы қарасорамен қатар, орақ та тәркіленді. Негізінен, есірткі сатушылар түнде жұмыс істейді. Әсіресе, қарасораның қаулап өсіп тұрған кезеңінде демалыс жоқ. Күдіктіге қатысты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Бұған дейін Жамбыл облысында есірткі өсірген 61 жастағы тұрғын ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.