Жамбылда аурухана бас дәрігеріне жала жапқан азамат жауапқа тартылды

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан адамға 495 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Сарысу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сарысу аудандық соты әлеуметтік желіде басқа адам туралы жалған және беделіне нұқсан келтіретін мәлімет таратқан азамат Е.-нің ісін қарады.

Е. өзінің Facebook парақшасында Т. есімді адаммен хат алмасудың скриншоттарын жариялаған. Скриншоттарда аурухана әкімшілігіне, соның ішінде бас дәрігер К.-ға қатысты шындыққа жанаспайтын, жала жабу сипатындағы мәліметтер болған. Жазбада аурухана қызметкерлерін теріс көрсететін және медициналық ұйым жұмысына байланысты негізсіз айыптаулар да бар.

Е. өзінің бұл мәліметтерді ойдан шығармағанын айтып, кінәсін мойындамағанымен, скриншоттарды жариялағанын растады.

— Бас дәрігер К. сотқа оның беделіне нұқсан келгенін айтып, заңға сәйкес жаза қолдануды сұрады. Заң бойынша (ӘҚБтК 73-3-баптың 2-бөлігі) мұндай әрекет үшін 180 АЕК айыппұл немесе 20 тәулік әкімшілік қамақ қарастырылған. Сот Е.-нің 6 кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, айыппұлды 30%-ға азайтты. Нәтижесінде Е.-ге 495 мың теңге айыппұл салынды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Алматыда ер адам әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін қамауға алынғанын жазғанбыз.