Жамбылдық дәрігерлер ісікті алып тастап, науқастың төменгі ернін қалпына келтірді

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында онкохирургтер алғаш рет төменгі еріннің жергілікті таралған қатерлі ісігі бар науқасқа бір мезетте ісікті алып тастау және ерінді қалпына келтіру отасын жасады. Соның нәтижесінде пациенттің сөйлеу және тамақ жеу мүмкіндігі сақталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Мұндай ауруларды емдеу кезінде хирургтердің алдында күрделі міндет тұрады. Олар зақымданған тіндерді толық алып тастап қана қоймай, операциядан кейінгі ақауды да қалпына келтіруі қажет. Өйткені реконструкция сапасына қарай науқастың қалыпты сөйлеп, тамақтанып, күнделікті өміріне қайта оралу мүмкіндігі айқындалады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күрделі операция Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында жасалды. Саттар Аппазов жетекшілік еткен дәрігерлер тобы қатерлі ісікті алып тастап, мойын лимфодиссекциясын, яғни лимфа түйіндері мен айналасындағы тіндерге хирургиялық ота жасады.

Одан кейін мамандар реконструктивті-пластикалық операция жасап, науқастың төменгі ернін қайта қалыптастырды. Дәрігерлер еріннің анатомиялық пішіні мен негізгі қызметтерін қалпына келтірді.

Операциядан кейін бір ай өткен соң пациент еркін сөйлеп, қалыпты тамақтана алады. Дәрігерлер жүргізілген отадан кейінгі эстетикалық нәтиженің де жақсы екенін атап өтті.

Медицина орталығының мәліметінше, бұған дейін өңірде онкологиялық және реконструктивті кезеңдерді бір мезгілде қамтитын мұндай деңгейдегі операциялар жасалмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жүкті әйелдің салмағы 5 келіден асатын ісігі алынғанын жаздық.