Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, Меркі қант зауыты фермерлер алдындағы қарызын толық өтейтін болады. Биылғы маусымда зауыт өнім қабылдап, өңдеу жұмыстарын жүргізуі үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы бұрынғы 3 миллиард теңгеден астам қарыз өтеледі.
— Сонымен қатар, Меркі қант зауытымен қантты форвардтық келісімшарт негізінде сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді, — деді Қ.Көшенов.
Уәде бойынша, зауыт фермерлермен есеп айырысуды қыркүйек айының соңына дейін немесе қарашаның басына қарай аяқтамақ. Дәл сол кезде 2025 жылғы өнімді қабылдау басталады.
— Биыл бұл дақыл облыс бойынша 5,2 мың гектар алқаптан жиналады. Басқарма жүргізген таксация нәтижесіне сәйкес, шамамен 250 мың тонна таза өнім алу жоспарланып отыр, — деді Қайрат Көшенов.
Өткен жылы қарашаның соңында Меркі қант зауытында ұзын-сонар кезек пайда болғанын жазған едік. Себеп — зауыт фермерлерден қант қызылшасын қабылдап үлгермеді.