Меркі қант зауытындағы ұзын-сонар кезек: фермерлердің қызылшасы далада қалмай ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қарашаның соңында Меркі қант зауытында ұзын-сонар кезек пайда болды. Себеп - зауыт фермерлерден қант қызылшасын қабылдап үлгермей жатыр. Мәселенің мән-жайын Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтен сұраған едік. 

Меркі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

— Биыл 11,2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілді. Кейінгі бес жылды алып қарасаңыз, қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарына 350 центнерден аспайтын. Биыл ауа райы қолайлы болды, су тапшылығы болмады, сол себептен өнімділік өсті. Қант қызылшасының 84%-ы жиналды, қазір зауыттарға тасымалдап жатыр. Жалпы 450 мың гектардан жиналған өнімді Меркі қант зауытына апарамыз деп жоспарлап отырмыз, оның ішінде 340 гектар зауытқа жеткізіліп, 160 мың тоннасы өңделіп, қант шығарылды. Қант зауытындағы кезек кейінгі 30 жыл бойы қайталанып келеді. Қызылша қысқа мерзімде жиналады, оны тапсыруға кезек болады. Біз бұл мәселенің алдын алу мақсатында Меркі қант зауытының қасында қосымша алаң аштық. Ол алаңға 30 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Ақсу қант зауытына 30 мың тонна қызылша жеткізілді, — деді Ербол Қарашөкеев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында. 

Меркі қант зауытындағы ұзын-сонар кезек: фермерлердің қызылшасы далада қалмай ма
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Әкімнің айтуынша, қант қызылшасын өткізу мәселесі шешіліп жатыр. 

— Мемлекет тарапынан субсидиялау жағын пысықтап жатырмыз, облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңге субсидия берілді, енді республикалық бюджеттен 5 млрд теңге қаржы күтіліп отыр. Проблеманы жүйелі шешу үшін Тараз қант зауытын жаңғыртуды қолға алдық. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатыр, желтоқсанның ортасында зауыт иелерімен кездесеміз. Мәселені жүйелі шешу үшін тағы бір қант зауытын қамтамасыз етуіміз керек, — деп толықтырды өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар