Бұл қаражат негізінен мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген. Бірақ мектеп мұғалімдері оларға мүлдем сабақ бермесе де жалақы жаздырып, алып келген. Мұндай заңсыздық Жамбыл облысының 6 бірдей ауданынан анықталып отыр. Олардың ең көбі Байзақ ауданында. Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық мұғалімі өткізбеген дәрістері үшін 11 миллион 200 мың теңге жалақы алған. Заң бұзушылықты прокуратура өкілдері анықтады. Осы іске қатысы бар делінген 253 білім саласының қызметкері жауапқа тартылды.
«50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директоры орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең бастысы, үкіметке келтірілген 24 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды», – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев.
Айта кетейік, облыста 8 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 10 пайызы үйден оқытылады. Еске салайық, бұған дейін Таразда бұрын сотталған 33 азамат қайта қамалды деп жазған болатынбыз.