Жамбыл облысында 3 миллионға жуық мал тоғытуға түсті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында бүгінде 4 миллион 240 мыңға жуық қой-ешкі бар. Оның 3 миллионын тоғыту жоспарланған. Қазіргі таңда 2 миллион 973 миллион 222 мыңы тоғытуға түсіп, түрлі зиянкестерден залалсыздандырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, облыста мал тоғыту жылына екі рет арнайы дезинфекциялық ертіндімен жасалады. Малды тоғыту кененің барлық түрінен, биттерден және тағы да басқа паразиттерден тазаруға мүмкіндік береді.

Жамбыл облыстық ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергеновтің айтуынша, облыс аумағында 154 мал тоғытпасы бар. Оның 12-сінің құрылысы бюджет қаражаты есебінен салынған.

«Байзақ ауданында 1, Жамбылда – 3, Сарысуда – 5, Талас ауданында 3 мал тоғытпасы салынды. Қалғандары жеке шаруашылықтардың иелігінде. Бірақ, бұл тоғытпалар әлі де жеткіліксіз болып отыр. Аудан әкімдіктерінен қажеттіліктерін анықтап, тоғытпалармен қамтамасыз ету сұралып жатыр. Бұрын ұйымдасқан агроқұрылымдардың әрқайсысында мыңдаған қой өргізген кезде қой-ешкілерді тоғыту өзінше бір науқан болып саналатын. Қазіргі таңда барлығы жеке шаруа қожалықтардың үлесінде. Сондықтан, мал тоғытуды әркім өз білгенімен жүргізіп жүр. Дегенмен, көптеген мал иелері оны қалай тоғыту, қандай препараттар қолдану керектігі туралы толық біле бермейді. Сондықтан да мал тоғытуды мал дәрігерінің қадағалауымен жүргізген дұрыс», - дейді Т. Қожабергенов.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында төрт түлікті асылдандыру жұмыстары басталғанын жазған болатынбыз.