Жамбыл облысында 4 мың адам өз кәсібін бастады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 мыңға жуық адам өз кәсібін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бері пилоттық жоба басталғалы облысқа 18,3 миллиард теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастаған. Биыл тағы қосымша 24 миллиард теңге бөлінген.

«Онда 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады.

Нәтижесінде осы жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 113 мың теңгеге дейін артатын болады. Біз алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 27,4 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін Жамбыл облысы мал саны бойынша республикада екінші орында тұрғанын жазған болатынбыз. 4 айда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,5 млн бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген.

Оның 522 мың басы - ірі қара, 3,8 млн - ұсақ мал, 8 мың бас - шошқа, 180 мың бас - жылқы, 7,5 мың бас - түйе малы.