Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Бірінші партияны полицейлер Луговое стансасында қолға түсірді. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде «Қорағаты-Шемен» жолының 3685-ші шақырымынан 38 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны қолға түсті. Одан 60 келіге тарта марихуана тәркіленіп алынған. Қылмыстық іс қозғалды. Аталған факті бойынша күдіктіге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Екінші есірткі тасымалдау фактісі Жамбыл облысында «Дельта-Долина» өңіраралық және Меркі, Рысқұлов ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімдерінің қызметкерлері бірлесе жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде анықталды. Меркі ауданы Тәтті ауылынан 5 шақырым жердегі құмды аумақта Қордай ауданының 47-жастағы тұрғыны ұсталып, одан 300 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, есірткі заттарын тасымалдау арнасын анықтау мақсатында кешенді жедел-іздестіру, арнайы және тергеу шаралары жалғасуда.