Жамбыл облысында қылмыс 27,5 пайызға азайды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қылмыс 27,5 пайызға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылы ақпан айында тағайындалған Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов екі ай уақытта атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Сондай-ақ ол күн тәртібіндегі қаралатын мәселелерге де кеңінен тоқталып өтті. Екі айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында қылмыс саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға азайған. Атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде бірқатар негізгі бағыттар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілді.

«Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстардың ашылуы 18 пайызға, кісі өлтіру қылмысының ашылуы 88,9 пайыздан 100 пайызға, ал кісі өлтіруге оқталу қылмысының ашылуы 100 пайызға жоғарылаған. Сондай-ақ, қарақшылық қылмыстарының тіркелуі 20 пайызға төмендеген. Жалпы ұрлықтардың ашылу көрсеткіші 17,1 пайызға, оның ішінде пәтер ұрлығын ашу 19 пайызға жоғарылаған. Ал, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 29 пайызға кеміді»,- деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қылмыстары 53,8 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыстардың 41,9 пайызға төмендеуіне қол жеткізілді. Облыс бойынша ауыр қылмыстардың ашылу пайызы 79,2-ні құрады.

Кеңес барысында департамент басшысы қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшыларын тыңдады. Ж.Сүлейменов статистика үшін емес, халық үшін жұмыс жасау керектігіне ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар кейбір басшыларға мемлекеттік тілді меңгеру керектігі туралы ескертті.

Атқарылып жатқан жұмыстар мен облыстағы жедел жағдайға оң баға берген ПД басшысы әлі де кездесетін көптеген кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді.