Жамбылдағы су тапшылығы: шаруалардың шығыны қалай шешіледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Биыл жамбылдық шаруалардың су проблемасымен бетпе-бет келуі Үкімет деңгейіне дейін жеткені мәлім. Осы төтенше ахуалға байланысты ҚазАқпарат тілшісі өңір басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібекпен аз-кем тілдескен еді.

Фото: Галина Скрипник

Спикер алдымен аймақтың Қырғыз Республикасы тарапынан берілетін суармалы судың барлық лимитін пайдалану туралы әңгімеледі.

«23 маусымда қол қойылған су беру кестесіне сәйкес біз өз лимитімізді толықтай алдық. Біз бұған мақсатты түрде бардық.

Біріншіден, суармалы судың болатынына сенімді болғанымызды айта кетейін. Оның үстіне биыл Қырғыз Алатауында мұздақтардан «шілде тасу» болған жоқ. Жылда бұл уақытта жоғарыдан Киров су қоймасына 15-18 текше метр су түсіп жатса, биыл бар-жоғы 1-1,5 текше метр су келіп жатыр.

Екіншіден, осыған сүйене отырып, егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын мүмкіндігінше сақтап қалу керек болды. Сол үшін сумен барынша қамтамасыз еттік.

Үшіншіден біздің есептеулерімізге сәйкес, Киров су қоймасындағы су қорынан 45 текше м/с берілгенде 5 тамызға дейін су жететін болды. Бұл өз кезегінде шаруа қожалықтарының шығынын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Өйткені 5 тамыздан кейін көкөніс-жеміс және бақша дақылдарын жинау науқаны басталып кетеді.

Төртіншіден, жүгері мен қант қызылшасынан басқа дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін біз Қырғыз Республикасының аумағында дренаждық арналарды тазарту шараларын қабылдадық. Бұдан бүгінгі күнге 6-8 текше метр су алынып жатыр», - деп түсіндірді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Ол сыртқы температура 40 градустан жоғары болған маусым-шілде айларында суды үнемдегенде, егістік жердің 50 пайызына дейін шығын болатынын жеткізді.

«Сол себептен бұл жағдайда қабылданған шешімдер дақылдарды іс жүзінде сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінде егіс алқаптарының 10-15 пайызына шығын келді», - деді Қанатбек Мәдібек.

Оның мәліметіне қарағанда, шығынданған дақылдардың негізгі үлесі Қордай ауданына тиесілі. Онда вегетациялық кезеңнің басынан су жеткізу өтінімнен 50 пайызға төмен берілген.

«Жалпы, облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны 2022 жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп жоспарланған.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шілде айының ортасында Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен кеңесте біз өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтердік. Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді», - деді аймақ басшысының орынбасары.

Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жағдаймен танысқан. Шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізген.

«Нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізілді.

Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында – Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбылда шығынды анықтау бойынша жұмыс тобы құрылды. Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемі жақын күндері түпкілікті айқындалатын болады», - деп атап өтті спикер.

Қанатбек Мәдібек су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне осы жылы «Еуропалық Қайта Құру және даму банкі» және «Дүниежүзілік қайта құру және даму банк» желісі бойынша жобаларды іске асыруды аяқтау, 2023 жылы 3 су жаңа қойма салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу және 2024 жылы құрылысын бастау, Тасөткел су қоймасын реконструкциялау туралы ұсыныстар енгізілгенін хабарлады.

«Бұл іс-шаралар болашақта қосымша 220 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Жасөркен» гидрологиялық бекетін қалпына келтіру жұмыстарын бастау және аяқтау өз кезегінде Талас өзені арқылы келетін су көлемін бақылауға оң ықпал етеді», - деді жауапты маман.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы су дауы туралы, қырғыз сарапшылары қандай шешім ұсынғанын жазған болатынбыз.