Жамбылдағы теміржол апаты: Тоқтап қалған пойыздар қайтадан жолға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Жамбыл облысында жүк пойызының рельстен шығып кетуін тергеп-тексеретін арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, 17 шілде түнгі 01:05 кезінде Түрксіб-Шу учаскесінің Аспара стансасында жүк вагондары жолдан шығып кетті.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Бұл оқиға жолаушы пойыздарының жүру кестесіне әсер етті.

«Барлық пойыздар ауыз сумен қамтамасыз етілген, вагон-мейрамханалар жұмыс істеп тұр» деп мәлімдеді Қазақстан темір жолы.

Болған жағдайдың себептерін анықтау үшін ҚТЖ арнайы комиссия құрды.

Вагондардың рельстен шығуынан жолаушы пойыздары тоқтаған болатын.

Жаңа ғана Түрксіб-Шу учаскесінің Аспара стансасында тоқтаған пойыздар қозғалысы қайта іске қосылғаны белгілі болды.

Оқиға салдарын жоюға Шу және Тараз стансаларының қосымша пойыздары жұмылдырылды.

Компания жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады.