Жамбылдық полицейлер демалыс күндері құқық бұзған 230 жасөспірімді анықтады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті демалыс кезінде кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту бойынша рейдтің қорытындысын жасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

ІІБ-ның үш жүзге жуық қызметкері білім басқармасы және басқа мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп, 21-28 наурыз аралығындағы демалыс кезінде жүзден астам рейд жүргізген.

«Жастар мен жасөспірімдер көп жиналатын орындар тексерілді, - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. - Түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген, алкогольді ішімдік ішкен жасөспірімдер, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға заңсыз алкогольдік ішімдіктер мен темекі сату фактілері анықталды» делінген баспасөз баянында.

Ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылықпен барлығы 230 жасөспірім жеткізілген.

«Бесеуі - қылмыс жасағаны үшін, төртеуі ішімдік ішкені үшін, 192-сі түнгі уақытта ересектерсіз жүргені үшін есепке алынды», - деп түсіндірді Г.Мұхтарқұлова.

Құқық қорғау органдарының дерегі бойынша, Жамбыл облысында 642 жасөспірім есепте тұр.