Жамбылдық жұмысқа орналасу үшін 660 мың теңге берген

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

«10 қыркүйекте  Тараз қалалық ІІБ №2 полиция бөліміне Жамбыл ауданы Жалпақ төбе ауылының 35 жастағы тұрғынынан арыз түсті, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. - Мәлімдемеде жапа шегуші 16 тамызда Абдурашид есімді танысы, сеніміне кіріп, жұмысқа орналастырамын деп алдап, 660 мың теңге көлемінде қаражатын иемденіп кеткен. Қолына қаражат түскен соң ол ізін суытыпты».

Арыз беруші полицияда жұмыссыз отырғанын айтты. Бұрынғы танысы болса екі қолға бір күрек табуға көмектесемін деп сөз беріп, бұл көмегі үшін 660 мың теңге алды. Алайда танысы ақшаны алғаннан кейін жоғалып кетті, телефонға да жауап бермейді, деді облыстық ІІД.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылар алаяқты қолға түсірді. Бұл 50 жастағы Тараз тұрғыны болып шықты.

Қазіргі уақытта А. азаматына қатысты ҚР ҚК 190 бабының 1 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінде.