АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) әйелдер күресінен олимпиадалық емес салмақтарда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Жәмила Бақбергенова финалға жолдама алды.
Азиядағы табыс-жетістіктерін айтпағанда, осыған дейін 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанған Жәмила 72 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтпен белдесті.
Моңғолиялық балуан да оңай шағылатын жаңғақ емес, Азия чемпионатында топ жарған. Алғашқы ұпайды Зоригт алғанымен, Жәмила 6:3 есебімен алға шықты. Екінші кезеңде моңғол қызы есепті қысқартты – 5:6. Дегенмен Жәмила Бақбергенова дегеніне жетті – 8:6. Осылайша, Жәмила өз спорттық жолында үшінші рет әлем чемпионатының финалына шықты
Бүгін грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта Ержет Жарлықасын финалда әзербайжандық Нихат Маммадалимен чемпиондық атаққа таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ержет Жарлықасынның грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатында жартылай финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).