— Қазан айынан бастап 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі жалғасады. Бұл шаруаларға келесі егіс науқанына дайындықты алдын ала бастауға мүмкіндік береді. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288 млрд теңгеге 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейту мақсатында «Даму» қоры арқылы кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер үшін қарыз сомасының 85%-ы мөлшерінде кепілдік беру тетігі қолданыста, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, шаруаларды қаржыландырудың және болашақ өнімнің сатылымын қамтамасыз етудің қосымша құралы — форвардық сатып алу. Биыл сомасы 32 млрд теңгеге 480 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалды.
— Жаңа өнім астығын уақытылы қабылдау және тиісті деңгейде сақтау үшін әкімдіктермен бірлесіп, элеваторлардың үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіліп жатыр. Республика бойынша астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында — 13,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде — 17,4 млн тонна. Лицензияланған астық қабылдау мекемелеріне жаңа өнімнің 4,9 млн тонна астығы келіп түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп. Сақтауға түскен жұмсақ бидай көлемінің 74%-ы жоғары сапалы бидайға жатады, 20%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды, — деді ол.
Азат Сұлтанов астықтың сақталуын қамтамасыз етумен қатар, көкөніс өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.
— Көкөніс қоймаларын салу және жаңарту жөніндегі кешенді жоспар аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде жалпы сыйымдылығы 746 мың тонна болатын 95 сақтау нысаны пайдалануға берілді. Жалпы республика бойынша сыйымдылығы 2,5 млн тоннадан асатын 941 көкөніс және картоп сақтау қоймасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қуаттылығы 129 мың тонна болатын тағы 15 сақтау қоймасы іске қосылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар өнім шығынын азайтуға, сақтау мерзімін ұзартуға және маусымаралық кезеңде көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді вице-министр.
Бұған дейін биыл қуаңшылыққа қарамастан астық түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болатынын жазған едік.