Жаңа Азаматтық кодексте құқықтық жауаптылық тетіктерін жетілдіру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде залалды өтеу, тұрақсыздық айыбын қолдану және шарттық міндеттемелердің бұзылуына байланысты жауаптылық мәселелерін кешенді түрде қарастыру қажет. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Айбар Сейдімбек мәлімдеді.

Фото: Kazinform /ЖИ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын. Сарапшы бұл бастаманы қолдап, азаматтық-құқықтық жауаптылық институтын жетілдіру жеке құқық саласындағы заңнаманы жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Оның пікірінше, азаматтық-құқықтық жауаптылықтың негізгі мақсаты келтірілген залалды өтеумен ғана шектелмейді. Ол бұзылған мүліктік құқықтарды қалпына келтіруге, міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге және азаматтық айналымға қатысушылардың адал әрекет етуін ынталандыруға бағытталуы тиіс.

Құқық қолдану тәжірибесінде жауаптылықтың туындау негіздерін айқындау, құқыққа қайшы әрекет пен келтірілген залал арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау, сондай-ақ өтелуге жататын залал мөлшерін белгілеу мәселелері ерекше маңызға ие.

– Мәселен, шарттық міндеттемелер бұзылған жағдайда міндеттеменің орындалмау фактісін анықтаумен ғана шектелуге болмайды. Сонымен бірге құқық бұзушылықтың сипаты, оның екінші тарап үшін туындатқан салдары және заңнамада көзделген жауаптылықтан босату негіздері ескерілуі қажет. Осыған байланысты жаңа Кодексті әзірлеу кезінде залалды өтеу, тұрақсыздық айыбын қолдану, зиянды өтеу және шарттық әрі шарттан тыс жауаптылықтың арақатынасы мәселелерін кешенді түрде талдау орынды, – деді Айбар Сейдімбек.

Сарапшының айтуынша, азаматтық-құқықтық жауаптылық институтының құқықтық тұрғыдан нақты әрі жүйелі реттелуі азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қорғау тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Сондықтан аталған институтты жетілдіру жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің маңызды бағыттарының бірі болуы қажет.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, қолданыстағы азаматтық заңнаманы заман талабына сай жаңарту маңызды.