Стратегиялық трансформация
Биыл наурыз айында қос ел президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, алдағы мемлекеттік сапардың стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудағы айрықша маңызын атап өтті. Диалог екіжақты күн тәртібіндегі жоғары деңгейдегі сенім мен тұрақты байланыстың жалғасы ретінде қарастырылады.
Осы саяси негіздің аясында соңғы бір жылда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай кеңейді. Бұған дейін күн тәртібінде негізінен энергетика мен сауда басым болса, қазіргі кезеңде ықпалдастық цифрландыру, көлік-логистика инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация, білім беру, мәдениет, туризм және гуманитарлық салаларды да қамтитын көпқырлы жүйеге айналып отыр.
Соған қарамастан, екі елдің жақындасуындағы негізгі қозғаушы күш ретінде экономика маңызын сақтап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 27,4 млрд доллар болып, Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі мәртебесін сақтады. Тараптар алдағы кезеңде өзара сауда көлемін 30 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Экспорт құрылымына келсек, Қазақстанның Ресейге жеткізетін негізгі тауарлары дәстүрлі түрде металдар, минералдық шикізат, химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрады. Соңғы жылдары бұл құрылымда қайта өңделген өнімдер мен өнеркәсіптік тауарлардың үлесі артып келеді.
Ал Ресейден келетін импорт неғұрлым әртараптандырылған сипатқа ие. Көрші елден құрал-жабдық, техника, мұнай өнімдері, автокөліктер, химия және металлургия өнімдері, сондай-ақ азық-түлік тауарлары жеткізіледі.
Экономикалық және салалық байланыстардың тереңдеуі екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңге өтіп жатқанын көрсетеді. ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиевтің айтуынша, бұл үрдіс ресми құжаттармен бекітілген.
– Біз қос ел президенттері 2025 жылы қол қойған декларацияда бекітілген жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілдік. Бұл – бұрынғы стратегиялық әріптестіктің жаңа мазмұнмен толыққан эволюциялық жалғасы.
Сонымен бірге қазіргі кезеңде ынтымақтастықтың негізгі бағыты өзгеріп келеді. Басымдық технологиялық кооперацияға, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға және жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында қосылған құны жоғары, тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыруға беріліп отыр, – деді сарапшы.
Интеграцияның жаңа кезеңі
Соңғы жылдардағы экономикалық көрсеткіштер Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейде екенін көрсетіп отыр. Бұл тек сауда көлемінің артуымен емес, экономиканың терең интеграциясымен де сипатталады.
– Оң динамиканы сақтау үшін негізгі бағыттар ретінде өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, көлік-логистика жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық сауда инфрақұрылымын жетілдіру маңызды. Машина жасау, мұнай-химия, азық-түлік өндірісі және транзиттік байланысты дамыту стратегиялық тұрғыдан ерекше мәнге ие, – деді қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақов.
Экономистің айтуынша, қазіргі сауда өсіміне бірнеше негізгі фактор ықпал етіп отыр. Біріншіден, ол – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ұзақмерзімді интеграциялық үдерістер. Екіншіден, жаһандық логистикалық тізбектердің өзгеруі мен санкциялық қысымның күшеюі. Бұл сауда бағыттарының қайта құрылуына және құрлықтық көлік дәліздерінің рөлін арттыруға әсер етті.
Сарапшылардың пікірінше, ынтымақтастық біртіндеп тек шикізат алмасу шеңберінен шығып, күрделі экономикалық байланыс жүйесіне айналып келеді. Соның айғағы ретінде Қазақстанда ресейлік қатысуы бар 22 мыңнан астам компанияның жұмыс істеуі аталады. Соңғы 20 жылда Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 28,5 млрд доллар болса, Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестиция көлемі шамамен 9 млрд долларға жеткен.
Ресей капиталы энергетика, мұнай-газ, өнеркәсіп, банк секторы, аграрлық сала және логистика бағыттарында белсенді түрде жұмыс істеп отыр.
– Ресейлік қатысуы бар шамамен 22 мың компанияның қызметі инвестициялық базаның кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік байланыстың нығаюына ықпал етеді. Сонымен бірге бұл экономиканың жекелеген салаларындағы тәуелділікті де күшейтеді. Сондықтан Қазақстан үшін шетелдік инвестиция тартумен қатар экономиканы әртараптандыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді, – деді Бауыржан Ысқақов.
122 жоба мен жаңа индустриялық күн тәртібі
Маңызды оқиғалардың бірі ретінде биыл Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің жалпы құны шамамен 25 млрд доллар болатын 122 ірі бірлескен жобаны іске асырғанын мәлімдеді.
Әңгіме тек шикізат секторымен шектелмейді, себебі машина жасау, мұнай-химия, көлік инфрақұрылымы сияқты стратегиялық маңызды салалар қамтылып отыр.
ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиевтің пікірінше, қазіргі кезеңдегі қарым-қатынастың басты ерекшелігі – жүйелі кооперацияға көшу.
– Біз жекелеген нақты жобалардан жүйелі әрі кешенді интеграцияға бет бұрып келеміз. Энергетика негізгі ресурстармен қамтамасыз етсе, көлік пен логистика нарықты байланыстырады, цифрландыру үдерістердің тиімділігін арттырады, ал гуманитарлық ынтымақтастық осы жобаларды жүзеге асыратын адами капиталды қалыптастырады. Нәтижесінде синергиялық әсер пайда болады, яғни бір саладағы табыс басқа бағыттардағы нәтижені күшейтеді. Мұндай тәсіл өзара ықпалдастықты сыртқы күйзелістерге анағұрлым төзімді етіп, қос тараптың экономикасы үшін ұзақмерзімді артықшылықтар қалыптастырады, – деп атап өтті спикер.
Еуразиялық байланыс: көлік, цифрландыру және энергетика
Жаһандық сауда бағыттарының қайта құрылуы жағдайында Қазақстан Қытай, Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын негізгі транзиттік дәліздердің біріне айналу әлеуетін күшейтті. Осы үдерістегі басты бастамалардың қатарында «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бар. Бүгінде Астана мен Мәскеу деңгейінде Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік хабтардың біріне айналдыру мәселесі ашық талқыланып отыр.
– Егер цифрландыру, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту және шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жобалары толық жүзеге асса, Қазақстан Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтардың біріне айналуы мүмкін. Бұл елдің маңызды логистикалық торап ретіндегі орнын күшейтеді. Ал транзиттен түсетін табыстың артуы логистика саласына инвестиция тартуға жол ашады, – деді Бауыржан Ысқақов.
Осы мақсаттарға қол жеткізуде көлік саласын цифрландыру ынтымақтастықтың ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналып отыр. Биыл ақпан айынан бастап Қазақстан транзиттік тасымалдарға арналған навигациялық пломбалар жүйесін енгізіп, жүк қозғалысын қашықтан бақылауға және шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік жасады.
Сонымен қатар екі ел арасындағы теміржол құжат айналымы кезең-кезеңімен электронды форматқа көшіріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сәуір айында Қазақстан мен Ресейдің ұшқышсыз транспорт пен көлік саласын цифрландыру жөніндегі жеке меморандумға қол қоюымен жалғасты. Құжат электронды тауар-көлік жүкқұжаттарын дамыту, цифрлық рұқсат жүйесін енгізу және жаңа көлік технологияларымен жұмыс істейтін кадрларды даярлауды көздейді.
Көлік-логистика саласындағы кешенді өзгерістермен бірге инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді. Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерін кезең-кезеңімен жаңарту басталып, биыл 30 бекетті қайта жөндеу жоспарланған.
Инфрақұрылымдық және логистикалық жобалармен қатар энергетикалық саладағы әріптестік те маңызға ие. Солардың ішінде Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы ерекше орын алады.
Сарапшылардың бағалауынша, Үлкен ауылындағы жобаның жүзеге асуы Қазақстан экономикасы үшін кешенді трансформациялық әсер береді. Бұл – жаңа энергетикалық қуат көзі емес, жоғары технологиялы саланы дамыту, инженерлік кадрларды даярлау және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыру мүмкіндігі.
Сонымен бірге мұнай-газ саласы мен электр энергетикасы бағыттарындағы ынтымақтастық та тұрақты даму үстінде. Мамыр айының басында Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәскеуде ресейлік әріптестерімен бірқатар келіссөз жүргізіп, инфрақұрылымдық жобалар, мұнай-газ секторындағы әріптестік, электр энергетикасы және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
– Энергетика саласындағы бірлескен жобалар энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және электр энергиясы мен отын жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ортақ энергетикалық жүйелер өнеркәсіп өндірісінің тұрақтылығына оң әсер етеді, – деді сарапшы.
ЕАЭО-ның жаңа кезеңі
Екіжақты ынтымақтастықтың едәуір бөлігі Еуразиялық экономикалық одақтың тетіктері арқылы жүзеге асып келеді. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік беретін алаң.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалық етуі және ұйымның Астанада өтетін форумы биылғы ең ірі саяси оқиғалардың бірі ретінде қарастырылады. Ол өңірлік экономикалық интеграцияның алдағы кезеңдегі басымдықтарын айқындамақ.
Манарбек Қабазиевтің айтуынша, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ЕАЭО-ның интеграциялық орталық ретіндегі әлеуеті одан әрі күшейіп келеді.
– Екі ел үшін де ЕАЭО төрт еркіндікті қамтамасыз етеді. Ол – тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, әлемдік экономиканың фрагментациясы жағдайында ЕАЭО-ның интеграциялық орталық ретіндегі әлеуеті артып жатыр, – дейді сарапшы.
Мүмкіндіктер мен тәуекелдер
Ынтымақтастықтың жоғары қарқынына қарамастан, екіжақты күн тәртібінде бірқатар мәселе сақталып отыр. Түйткілдер негізінен сауда-экономикалық байланыстардың жекелеген салаларындағы үйлестіруді қажет ететін бағыттарға қатысты.
Солардың бірі – қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Ресейдің көлік инфрақұрылымы арқылы тасымалдануы. Биыл сәуір айында Қазақстан Ресей теңіз порттары арқылы астық пен бұршақ тұқымдас дақылдардың транзитіне қойылған шектеулерді алып тастау мәселесін көтерді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, бірқатар шектеу алынып тасталғанымен, кей санаттар бойынша мәселе әлі толық шешілмеген. Ал Қазақстан үшін бұл бағыт ерекше маңызды, себебі еліміз өңірдегі ірі астық экспорттаушыларының бірі саналады.
– Мәселенің шешілуі логистикалық шығындарды азайтуға, нарықты тұрақтандыруға және қазақстандық аграршылардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселе бойынша келіссөздер конструктивті сипатта өтіп жатыр және екіжақты экономикалық күн тәртібінің маңызды бөлігі саналады, – деді Манарбек Қабазиев.
Аграрлық бағытпен қатар, күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су қауіпсіздігі. Қазақстан мен Ресей Ертіс өзенін бірлесіп пайдалану және су шаруашылығының бас жоспарын әзірлеу бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруі мен су ресурстары тапшылығы жағдайында трансшекаралық өзендер мәселесінің маңызы алдағы уақытта одан әрі арта түседі.
Сонымен бірге қазіргі геоэкономикалық жағдай сыртқы экономикалық тәуекел мәселесін өзекті етіп отыр.
– Ресеймен ынтымақтастықтың артықшылықтарына ірі нарыққа қолжетімділік, транзиттік табыс пен өндірістік кооперацияны дамыту жатады. Алайда бір ғана нарыққа шамадан тыс тәуелділік сыртқы экономикалық тәуекелдерді күшейтуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді стратегия – Ресеймен ынтымақтастықты сақтай отырып, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, Еуропамен және Таяу Шығыспен бағыттарды қатар дамыту, – деп есептейді Бауыржан Ысқақов.
Гуманитарлық байланыс
Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастық айтарлықтай жанданып, білім, мәдениет және туризм салаларында да жаңа серпін байқалып келеді.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде сәуір айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Ресейдің «Сириус» федералдық аумағының басшылығымен өткізген келіссөздерін атауға болады. Кездесу барысында бірлескен білім беру жобаларын дамыту, шығармашылық мектептерді кеңейту және қазақ-ресей балалар оркестрін құру мәселелері талқыланды.
Бүгінде «Сириус» орталықтарының желісі Алматы, Астана және Қазақстанның өзге де қалаларында жұмыс істеп, дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған ортақ білім беру кеңістігін қалыптастырып отыр. Сонымен қатар академиялық байланыстар, ғылыми жобалар мен мәдени алмасу да тұрақты түрде кеңейіп келеді.
– Гуманитарлық бағыт екіжақты қатынастардың толыққанды құрамдас бөлігіне айнала түсті. Мұндай жобалар мәдениетаралық диалогті нығайтады, адами капиталды дамытады және халықтар арасындағы сенімнің негізін қалыптастырады, – деп атап өтті Манарбек Қабазиев.
Туризм саласындағы әріптестік те маңызды бағыт ретінде дамып отыр. Сәуір айында Қазақстан мен Ресей Мұзтау (Белуха) маңындағы шекаралық туризмді дамыту мәселесін талқылап, туристік рәсімдерді жеңілдету және шекаралас аумақтарда бірлескен инфрақұрылым қалыптастыру бастамаларын қарастырды.
Сонымен бірге өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген туристер саны жағынан Ресей көш бастап отыр. Бұл өзара туристік ағымның жоғары деңгейін және екі ел арасындағы ашықтықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Көші-қон белсенділігі де жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған Ресей азаматтарының саны 8 мыңнан асқан. Сарапшылар мұны экономикалық мүмкіндіктермен қатар, ЕАЭО аясындағы еркін қозғалыс тетіктерінің тиімді жұмысымен байланыстырады.
Келіссөздер қай бағытта өрбиді?
Владимир Путиннің Астанаға сапары екі тарап үшін де стратегиялық маңызы бар оқиға ретінде қарастырылып отыр. Келіссөздер энергетика мен көліктен бастап, цифрландыруға, өнеркәсіптік ынтымақтастық пен гуманитарлық салаға дейінгі екіжақты қатынастың іс жүзінде барлық спектрін қамтиды деп болжанады. Жалпы мазмұн Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты қазіргі өзгеріп жатқан жаһандық жағдайларға сәйкес бейімдеу қажеттігін көрсетеді.
Бүгінде екі ел арасындағы қатынас біртіндеп классикалық «экспорт – импорт» моделінен шығып, анағұрлым күрделі әрі көпдеңгейлі өзара байланыстар жүйесіне айналып келеді.
– Қазақстан Мәскеумен өзара тиімді бағыттарда ынтымақтастықты тереңдетіп, сонымен қатар Қытаймен, ЕО елдерімен, АҚШ-пен, Түркиямен және басқа да серіктестермен диалогті белсенді түрде дамытып келеді. Мұндай саясат стратегиялық икемділік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді, – деді Манарбек Қабазиев.
Жаһандық тұрақсыздық жағдайында прагматизм Қазақстан–Ресей қатынасының негізгі қағидасына айналып отыр. Қазақстан үшін Ресей ең ірі сауда серіктесі, маңызды транзиттік көрші және негізгі инвесторлардың бірі болып қала береді. Ал Ресей үшін Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық және инфрақұрылымдық буын ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, Астанада өтетін алдағы келіссөздер екіжақты күн тәртібін ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық интеграцияның жаңа бағыттарын айқындауы ықтимал.