Жаңа Конституция Қазақстан заңнамасын жаңғыртудың негізіне айналады – Әділет министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституция және жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы жобасының негізгі ережелері талқыланды.

Фото: Kazinform

Отырыс барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтар қолдаған жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығына, заң үстемдігі қағидатына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негізделген мемлекеттік құрылыстың жаңартылған моделін қалыптастырғанын атап өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, Конституцияда алғаш рет зияткерлік меншікті қорғау туралы норма бекітілді. Бұл Конституцияның адам капиталын дамытуға айрықша мән беретінін көрсетеді. Өйткені адами капитал біліммен, ғылыммен және экономикамен тығыз байланысты, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, министр цифрлық құқықты дамытуға қатысты бірқатар мәселе шешімін табатынын айтты. Жаңа Конституцияда цифрлық ортадағы дербес деректерді конституциялық деңгейде қорғау бекітілген.

Спикердің сөзінше, бұл жасанды интеллект, цифрлық платформалар және цифрлық активтер айналымы мәселелерін қоса алғанда, цифрлық қатынастарды құқықтық реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды талап етеді.

– Біздің міндетіміз – елімізді заманауи цифрлық құқықты дамыту жөніндегі өңірлік орталықтардың біріне айналдыру. Бұдан бөлек, қылмыстық және әкімшілік саясатты жетілдіру де аса маңызды бағыт болып саналады. Конституцияда бекітілген әділеттік қағидаты жазаның бұлтартпастығы, қоғамды қорғау, ізгілік қағидаттары мен адам құқықтарын сақтау арасындағы орнықты тепе-теңдікті талап етеді. Сондықтан заңнаманы одан әрі дамыту әділеттік, теңгерім және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағыттауға негізделеді, – деп атап өтті Әділет министрі.

Министр конституциялық реформаның қолданыстағы заңнаманы кешенді жаңартуға және жаңа конституциялық құндылықтар мен қағидаттарға негізделген Құқықтық саясат тұжырымдамасын қабылдауға бағытталғанын айтты. Оның айтуынша, бұл құжат ұлттық құқықтық жүйені одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.

Сондай-ақ отырыс барысында конституциялық жаңашылдықтар, заңнаманы және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру мәселелері, сондай-ақ конституциялық реформаны іске асырудың алдағы кезеңдері талқыланды.

Еске сала кетсек, 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді.