Конституция жобасына қатысты жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды

Фото: ҚР ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламалардың таралу деректері артқанын мәлімдеді.

Қоғамдық кеңістікте, оның ішінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасына қатысты фактілерді әдейі бұрмалау және жалған мәліметтер тарату жағдайлары тіркеліп жатыр. Мұндай әрекеттер азаматтарды жаңылыстырып, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны интернетте жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат таратқан. Ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы — ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оларды жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде жоққа шығарған. Осыған байланысты аталған азамат жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ Абай облысында Семей қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер бар деген жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Шын мәнінде, бұл қағидаттар жаңа Конституция жобасында керісінше тікелей бекітіліп, күшейтілген.

Ішкі істер министрлігі Конституция жобасын талқылау, азаматтардың өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заң бұзушылыққа жатпайтынын еске салады. Жауапкершілік тек қана көрінеу жалған ақпарат тарату және фактілерді әдейі бұрмалау үшін көзделген.

Қазір азаматтарды жаңылыстыруға және қоғамдық ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған өзге де жалған ақпарат тарату фактілері анықталып отыр.

— Біз азаматтарды дұрыс шешім қабылдауға, арандатуға ермеуге және тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Ішкі істер министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және кез келген тұрақсыздандыру әрекеттерін қатаң ден қояды, — деп атап өтті Шыңғыс Алекешев.

Ішкі істер министрлігі көрінеу жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттер, себеп-салдарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті. 

Бұдан бұрын Алматыдағы демалыс орнынан «ойын-сауыққа арналған газ» табылғанын жазғанбыз.