Жаңа Конституцияда зияткерлік меншікті қорғау алғаш рет бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жаңа Конституциясында зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатыны туралы норма алғаш рет бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Вице-министрдің сөзінше, бұл норма адамның зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің ел дамуындағы маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

— Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында алғаш рет зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны туралы ереже бекітілді. Бұл норма ел дамуында адамның білімі, ой еңбегі мен шығармашылығына айрықша мән берілетінін көрсетеді, - деді Ботагөз Жақселекова.

Оның айтуынша, бүгінде зияткерлік меншік жүйесін дамыту шығармашылыққа, инновация мен технологиялық дамуға жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл ретте зияткерлік меншік құқықтарын заңмен қорғаумен қатар, олардың іс жүзінде сақталуын қамтамасыз етуге де мән беріледі.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жетілдіру. Қазір Әділет министрлігі туындылардың пайдаланылуын есепке алу, авторлық сыйақыны бөлу және төлеу процестерін ашық жүргізуге арналған Бірыңғай цифрлық платформаны енгізіп жатыр.