Сарапшының айтуынша, бірпалаталы Құрылтайдың, Халық кеңесінің және вице-президент институтының қызметі алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге негіз болды.
— Адам құқықтары жаңа Конституцияда нақты айқындалды. Күдікті ретінде ұсталған адамның құқықтарын қорғау тетіктері де жетілдірілді. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің оң нәтижесін көреміз, — деді Мереке Қонысханқызы.
Маңызды бағыттардың бірі — киберқылмыспен күрес. Сарапшының мәліметінше, қазір мұндай қылмыстардың саны 40 пайызға азайған. Сонымен бірге алаяқтық пен трансшекаралық киберқылмыстарға қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
— Қазақстан киберқылмыспен күреске халықаралық деңгейде мән беріп отыр. Бұл бағытта заңнамалық шаралар қабылданып, мемлекетаралық ынтымақтастық дамып келеді, — деді сарапшы.
Конституциялық кепілдіктер азаматтардың баспанаға қатысты құқықтарын да қамтиды.
— Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға және одан шығаруға жол берілмейді. Тұрғын үйге кіру, оны қарап-тексеру және тінту заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес жүргізілуі керек. Сондай-ақ мемлекет баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Ол заңда белгіленген санаттар мен нормаларға сәйкес беріледі. Бұл талаптар азаматтардың жеке өмірі мен баспанасының қауіпсіздігін қорғауға арналған, — деп түсіндірді Мереке Қонысханқызы.
Айта кетейік, жақында Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер енді.