Жаңа Конституцияның ережелері барлық жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнына енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияның ережелері барлық жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Фото: freepik

— Жаңа Конституция елдің болашақ архитектурасында жастардың рөлін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Оны біздің саламыз нақты түсініп Референдумға дайындық кезінде жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүкіл ел бойынша мындаған кездесулер, сарапшылық пікірталастар, дөңгелек үстелдер мен диалог алаңдары өткізілді. Ең мықты заңгер профессорларымыз, университет басшылары Конституциялық Комиссия жұмысына белсенді қатысты, — деді ол.

Министрдің айтуынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: салыстырмалы талдау» атты әдістемелік құрал дайындады. Бұл құралды бүкіл республика бойынша Жалпыұлттық коалиция пайдаланды.

— Жаңа Конституцияның нормалары ғылым мен білім беру мәселелері бойынша тиісті заңнамалық актілерге енгізіледі. Бірақ бұл — техникалық жұмыс. Ұзақ мерзімді перспективада жаңа Конституция нормалары мемлекеттің дамуындағы және болашақ архитектурасын қалыптастырудағы негізгі идеологиялық платформа саналады. Сондықтан жаңа Конституцияның ережелері барлық жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі. Арнайы жалпы білім беру пәндері аясында Әлеуметтік-саяси білім модулі енгізілетін болады, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап жатыр.