Алқа жұмысына аумақтық ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттерінің, ведомстволық оқу орындарының басшылары, Ұлттық гвардияның өңірлік қолбасшылары, сондай-ақ еліміздің барлық қалалық, аудандық және желілік ішкі істер органдарының басшылары қатысты.
Ішкі істер министрі Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелеріне нақты тоқталып өтті. Алқа мәжілісінде Елбасы Жолдауының ережелерін ІІМ-нің әрбір офицері мен қатардағы жауынгерлік құрамына жеткізу жауапкершілігі жүктелді. Ішкі істер органдары мен бөліністерінің басшыларының алдына Қ.Қасымов қылмыстар туралы азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау және тіркеу кезінде заңдылықты нығайту, қылмыстарды ашу және тергеу тиімділігін арттыру, қоғамдық тәртіпті қорғау тетігін жетілдіру, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Сонымен қатар Министр жеке құрам арасында заңдылық пен қатаң тәртіпті, ІІМ жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлеріне халықтың сенімін арттыру жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды. ІІМ-нің алқа мәжілісінде қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгілері жағдайындағы жұмысқа дайындық, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін енгізу жөніндегі сынау тәжірибесінің нәтижелері қаралды. Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізушілік кодекстерінің қолданысқа енгізілуіне байланысты ішкі істер органдарының қылмыстарды ашу және тергеу жөніндегі жұмысына маңызды түзетулер енгізілетіні атап айтылды. Сонымен бірге Ішкі істер министрі басшылық құрамнан осы өтпелі кезеңде жұмыс қарқынының және ішкі істер органдары мен бөліністерінің жедел-қызметтік жұмыстары нәтижелерінің төмендеуіне жол бермеу үшін барлық қажетті ұйымдастырушылық және практикалық шараларды қабылдауды талап етті.