Алматыдағы Райымбек батыр мемориалдық кешенінің құрылысы қашан аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда салынып жатқан Райымбек батырдың заманауи музейлендірілген мемориалдық кешенінің құрылысы 2026 жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы Мәдениет басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берді.

Фото: Алматы әкімдігі

Басқарманың мәліметінше, Райымбек батыр музейін құру жобасы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылғы 8 сәуірде нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге арналған конкурс аяқталған. Қазіргі уақытта кешенде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар музей экспозициясын әзірлеу және мультимедиалық контент дайындаумен айналысатын өнім беруші ұйым анықталған. Жобаның ғылыми мазмұнын қалыптастыру мақсатында белгілі тарихшылар, этнографтар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Ғылыми кеңес құрылған. Кеңес мүшелері музейдің ғылыми тұжырымдамасы мен құрылымдық жоспарын әзірлеген.

Сондай-ақ музей қорын толықтыру бағытында ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары жалғасып жатыр.

– Құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы 2026 жылғы шілде айына жоспарланған. Одан кейін музейлендіру, экспозицияны орналастыру және заманауи мультимедиалық шешімдерді енгізу кезеңі басталады, - делінген басқарманың Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Райымбек батыр кесенесі аумағында абаттандыру мен құрылыс жұмыстары басталғанын жазғанбыз.

Жоба аясында тарихи нысанның айналасы жаңартылып, осы заманғы музей кешені салынатыны хабарланған еді. Жұмыстар 2026 жылғы ақпанда басталып, мамырда толық аяқталады деп жоспарланған болатын.

Жоба бойынша Райымбек батырға арналған ескерткіш орнатылып, батырдың өмірі мен жоңғар шапқыншылығына қарсы күресін баяндайтын интерактивті экспозициялық залдар жасақталады. Келушілер мультимедиалық инсталляциялар, 3D-модельдер мен тарихи реконструкциялар арқылы қазақ батырларының тарихымен таныса алады.

Сонымен қатар кешенде дәрістер, шеберлік сабақтары мен семинарларға арналған білім беру кеңістіктері қарастырылған. Бұдан бөлек, тарихи шайқастарды VR-технологиялар арқылы көруге мүмкіндік беретін виртуалды жобалар іске қосылады.

Сондай-ақ Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мемориалдық кешеннің құрылыс алаңына барып, нысанның сол кездегі ахуалымен танысқан еді.