Жаңа Салық кодексі: Аграршылардың техника лизингі бойынша шығыны 4,6 млрд теңгеге өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ербол Данағұлов Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алған шаруаларға салықтық жүктеменің артуына қатысты сауал жолдады.

Фото: Ұлттық статбюро

Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығының жағдайы ауылдың ғана мәселесі емес. Бұл ел экономикасының тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетке тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Саладағы негізгі мәселелердің бірі — ауыл шаруашылығы техникасының тозуы. Осыған байланысты Президент техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңартуды тапсырған.

— Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі заманауи техникаға тікелей тәуелді. Техниканы жаңарту — шаруаларға көрсетілетін жай ғана қаржылық қолдау емес. Бұл өнімділікті арттырудың, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етудің және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі шарты, — деді Ербол Данағұлов.

Депутат қазіргі таңда шаруаларға 6 пайыздық жеңілдетілген несие және лизингтік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Алайда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алған шаруалардың шығынын арттырған.

Оның мәліметінше, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника алған 13 181 шаруашылық үшін салықтық жүктеме 4,6 млрд теңгеге ұлғайған.

— Негізгі қарызын белгіленген кесте бойынша уақытылы өтеп отырған шаруаларға салық айырмасы бойынша өсімпұл есептелуі олардың қаржылық жағдайына қосымша салмақ түсіреді, — деді депутат.

Ербол Данағұловтың пікірінше, салық реформасының мақсаты мен аграрлық секторды қолдау шаралары өзара үйлесуі қажет. Мемлекет бір жағынан ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуға жеңілдетілген қаржы ұсынып отырса, екінші жағынан салықтық өзгерістер бұл қолдаудың тиімділігін төмендетпеуі тиіс.

Осыған байланысты депутат Ұлттық экономика министрлігінен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның лизингтік шарттары бойынша жасалған келісімдерді салық реформасының логикасына сәйкес қайта қарауды, осы кезеңге қолданылатын өтпелі ережелерді қарастыруды және аграрлық секторды салық реформасының жаңа кезеңіне бейімдеу үшін кешенді шаралар қабылдауды сұрады.

Бұған дейін депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиацияны дамыту үшін бірыңғай цифрлық жүйе құруды ұсынған еді.