Амина Ларештің айтуынша, Халықаралық валюта қоры Қазақстан бюджетінің кірісіне қатысты болжамын қайта қараған. Нақты қорытынды қаңтар айының соңында жарияланатын есепте белгілі болады.
– Бюджетке түсетін салық көлемі артты. Жалпы, көрсеткіштер жаман емес. Салық түсімдері мемлекеттік органдар күткен деңгейден сәл төмен болғанымен, біздің болжамымызға сай келеді, - деді спикер.
Оның сөзінше, салық жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізілген алғашқы жылы бюджетке түсетін салық көлемін бірден айтарлықтай арттыру оңай емес.
– Сонымен қатар салық жеңілдіктері көп елде бюджетке түсетін салық көлемін айтарлықтай арттыру қиын, - деді ХВҚ миссиясының басшысы.
Еске салайық, Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бизнес өкілдері көтерген мәселелерді ескере отырып, салық заңнамасына өзгерістер әзірлеуді Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырған болатын.
Жоспар бойынша, салық заңнамасына енгізілетін түзетулер пакеті 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайдың қарауына ұсынылады.