АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 5,9 болған. Жерасты дүмпуінің ошағы Те-Анау қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 42 шақырым жерде, 76,4 шақырым тереңдікте жатыр.
Жер сілкінісінен кейін ықтимал цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланды.
Қазіргі уақытта қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе ірі көлемдегі қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Ал Жаңа Зеландияның сейсмологтары жер сілкінісінің магнитудасын 6,3 деп бағалады. Бұл көрсеткіш USGS жариялаған мәліметтен жоғары.
Жаңа Зеландия Соломон аралдары сияқты Тынық мұхитының отты белдеуінде орналасқан. Бұл – жер сілкіністері мен жанартаулардың атқылауы жиі болатын әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақтардың бірі.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық сейсмологтар Батыс Сібірдің оңтүстігінде жер сілкінісін тіркеді.