Министрдің айтуынша, аталған заң бойынша білім берудің жинақтау жүйесі арқылы салымшының мемлекет сыйақысын сақтай отырып, білім беру жинақтау салымының қаражатын алу құқығы қарастырылған. Сонымен қатар, жинақталған қаражатты мақсатты пайдалану шартымен оны үшінші тұлғаларға беру құқығы да көзделген.
«Танысу үшін жобада белгіленген нормалар бойынша бір мысал келтірейін. Мысалы, ата-ана 10 жастағы баласы үшін депозит ашып, жинақтау бойынша 7 жылды таңдайды. Алғашқы жарна 5000 теңгені құраса, кейінгі жарналар ай сайын 15000 теңге. Бұл ретте банктің сыйақысы - 8, ал мемлекеттікі 5 пайызды құрайды. Жинақтау мерзімінің соңына дейін, бала 17 жасқа толғанда оның сомасы 2 млн. 75 мың теңге болады. Сонда салымшының қаражаты - 60 пайыз, банк сыйақысы - 23 пайыз, мемлекеттің сыйақысы - 17 пайызды құрайды», - дейді министр. Оның айтуынша, салымшының басым санаттары, оның ішінде жетім балалар мен көп балалы отбасылар үшін мемлекет тарапынан сыйақы одан да көп болуы мүмкін. «Осылайша, салымшылардың білімге жұмсайтын қаржысының біршама бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Бұл шамамен алғанда 15-20 пайыз», - дейді Б. Жұмағұлов.