«Іс-шаралардың нәтижесі бойынша жаңа жылғы шыршаларды заңсыз кесудің 19 фактісі , 3 - заңсыз тасымалдау және 26 - заңсыз сату фактілері анықталды. Осы орайда 28 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. 80 құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша шыршаларды белгіленбеген жерлерде құжатсыз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтілген ҚР ІІМ мәліметінде.
Айта кетейік, ағаштарды заңсыз шабу, дайындау, тасымалдау және сатуды анықтауға, сондай-ақ бұндай әрекеттердің жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар аясында 209 дана шырша тәркіленді. Жалпы, келтірілген зиян сомасы 1,3 млн.теңгеден асады.
Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында жол-патрульдік полиция қызметкерлері «Ваз-2107» көлігін тоқтатып тексерген кезде, оның ішінде болған жергілікті 5 азамат 4 дана қылқан жапырақты ағаштың өскіндерін тиісті құжатсыз заңсыз тасымалдағанын анықтады. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз шабу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Ақмола облысы ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері «Бурабай Шеп» бекетінде Көкшетау қаласы тұрғынының басқаруындағы «Мерседес» көлігін тоқтатып, тексерген кезінде ешкандай тиісті құжатсыз 60 дана шыршаны Көкшетау қаласынан Степногорск қаласына заңсыз тасымалдау фактісін анықтады.
«Қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының өскіндерін жаппай заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сату фактілеріне жол берілген жоқ»,-делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар елді мекендерде Ресейден әкелінген жаңа жылғы шыршаларды құжатсыз, белгіленбеген жерлерде сатуға тыйым салынуын бақылау бойынша тексерістер жүргізілді.