Жаңаарқада Ақселеу Сейдімбектің кеше қойылған ескерткіші бұзылып жатыр

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Кеше Жаңаарқада жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескірткіш бүгін бұзылып жатыр. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешеден бері олқы шыққан ескерткіш жайлы қазақтың әр азаматы өз ойын айтып, жанашырлық танытып жатыр. Кеше ескерткішті орнынан алып, мүсінді қайта жаңғырту шараларын қолданатынымыз жайлы айтқан болатынмын. Бүгін Ақселеу ағамыздың ағайын-туысымен кездесіп, барлық жағдайды түсіндірдім. Сонымен қатар, ұсынысымды айттым. Дәл қазір көңілге қонымсыз жасалған мүсінді бұзу жұмыстары басталды», - деп жазды өңір әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, кеше қазақтың біртуар тұлғасы Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына орай Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ескерткіш ашылған болатын.

Ғалымжан Құсманғалидің ақпаратынша, туынды Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбектің жеке қаражатына жасалған.

Кейін жазушы құрметіне қойылған ескеткіш желі қолданушылары мен тұрғындардың сынына ұшырады. Олардың пікірінше, тас тұғыр көркемдік тұрғыдан сапасыз жасалған.

Осыған байланысты кеше Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали ескерткіш алынып тасталып, орнына басқасын қоятынын мәлімдеген еді.

Тиісінше оны бұзу жұмыстары бүгін қолға алынған.