«ҚазМұнайГаз» басшылығы мен «БерАли Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы жұмысшылары өкілдерінің арасындағы келіссөздің аралық қорытындысы туралы ақпарат берілетін жиынға мұнайшылардан бөлек «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілдері келетіні алдын ала хабарланған болатын.
Алайда баспасөз конференцияда ұлттық компания өкілдері төбе көрсетпеді.
Осылайша БАҚ өкілдерінің сауалдарына мұнайшылардың өкілдері мен отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының мамандары, құқық қорғау ұйымдарының заңгерлері ғана жауап берді.
Жаңаөзендік ұжымның атынан келіссөз жүргізіп жүрген мұнайшылардың бірі, бастамашыл топ жетекшісі Жолмұрат Ұлықпан 12 сәуірден бері «ҚазМұнайГаз» басшылығы мен мұнайшылар ортақ шешімге келмегенін, өздері қойған мәселенің ешбірі шешімін таппағанын мәлім етті.
«ҚазМұнайГаздың» бізге бүгін берген жауабы осыған дейін өткен келіссөздерді қорытындылайтын хаттаманың бәрі еңбек дауына жатпайды дегенге саяды. Осыған байланысты біз Энергетика министрілгінің немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен комиссия құруды талап етіп отырмыз. Қазіргі кездеулеріміздің хаттамасына «ҚазМұнайГаз» басшысының орынбасарлары төраға ретінде қатысып келді. Біз ондай комиссияға сенімсіздік танытып отырмыз», - деді мұнайшылардың өкілі.
Ал отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының төрағасы Құспан Қосшығұлов «БерӘли» компаниясының жұмысшыларын бір күнде жұмыссыз қалдырған бұйрықтың заңсыз рәсімделгенін айтты.
«Қазіргі таңда Жаңаөзен жергілікті кәсіподағы біздің салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымы болғандықтан, мүддесін қорғауға атсалысып жүрміз. Бұл еңбек дауы – былтыр болған мәселенің жалғасы. Былтыр да осындай ереуіл болып, 19 адамды жұмыстан шығарып жіберген. Сол жігіттер былтыр да еңбек құқықтарын қорғап Астанаға келген болатын. Сол кезде бұл жігіттерге ұсыныс жасап, «БерАли» мекемесіне жұмысқа орналастырып береді. «БерАлиді» ашып береді, ұзын сөздің қысқасы. Мекемеге басқа да жұмысшылар алынады. 9 айдан кейін «БерАли» мекемесі ұжымды заңсыз бұйрықпен жұмыстан шығарып жібереді. Яғни, бұлардың еңбек шартында «белгілі бір мерзімге дейін» деп қана жазылған. 31 наурыз күні жігіттерге 1 сәуірден бастап еңбек шарты тоқтатылатынын ескертеді де, 1 сәуірдегі күнмен бұйрық шығарылады. Бұл демалыс күні болатын. Ал демалыс күні мұндай бұйрық шығару заңсыз», - дейді салалық кәсіподақ басшысы.
Оның пайымдауынша, 12 сәуірден бері мұнайшылармен келіссөз жүргізген комиссияның заңды күші жоқ.
«12 сәуірде комиссия жұмысы басталды. Жолмұрат Ұлықпанның ұсынысымен 14 сәуірден бастап Жаңаөзен жергілікті кәсіподақ төрағасының кеңесшісі Мақсат Тасбаев екеуміз мұнайшылармен бірге комиссия аясында келіссөз жүргізіп жүрміз. Бұл жерде біздің көргеніміз – біріншіден, комиссияның заңды күші жоқ. Себебі комиссия құру туралы не Энергетика министлігінің, болмаса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, болмаса «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының атынан ешқандай да бұйрық шықпаған. Комиссияның заңсыздығы осында. Біз соны талап еттік. Бірінші комиссияны заңдастырыңыздар, содан кейін ғана мұнайшылардың талабын хаттамаға енгізіп, конструктивті жолмен шешейік деген талап қойдық. Комиссия отырысын «ҚазМұнайГаздың» атынан шығарылған бұйрық арқылы ғана заңдастырды. 12 сәуірде жұмысын бастаған комиссияны құру туралы бұйрықты жігіттер талап қойғаннан кейін ғана 19 сәуірде берді. Бірақ қазір комиссия жұмысы тоқтап тұр. Біздің естуіміз бойынша, «ҚазМұнайгаздың» 30 шақты адамы Маңғыстауға кетіп қалған. Өздерінің тексерістері болар енді. Соған байланысты тек ауызша телефонмен ескерткені, комиссия отырысы бұл жерде болмайды деп отыр. Қазіргі таңда біз осыған келіп тіреліп отырмыз», - деді Құспан Қосшығұлов.
Баспасөз конференциясы барысында Маңғыстау облысы әкімдігінің деңгейінде комиссия құрып, мәселені соның аясында шешу ұсынылғаны айтылды.
Мұнайшылардың өкілдері ол комиссияның мәселенің шешім табатындай құзыреті бар екеніне көздері жетсе, өңірге барып келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік мұнайшы жиналды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.
Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.
11 сәуір кешкісін Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.
Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.
12 сәуірде мұнайшылар Жаңаөзенге қайтты.
Бір аптадан бері ҚазМұнайГаз бен мұнайшылар ортақ келісімге келу үшін мәселені талқылап жатыр.
Кеше ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев екіжақты келіссөз жайында пікір білдірді.
Ал ҚМГ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов мұнайшылар талабы күн сайын өзгеріп отырғандықтан келіссөз жүргізу қиынға түсіп отырғанын жеткізді.