АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде тапаншамен жүрген мас адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралда орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 маусым күні кешкі сағат 20.13 шамасында орын алды.
Құрамында қатардағы жауынгерлер Елдос Маматаев, Ернай Бастан және Нұржан Кеңесбаев бар 5548-әскери бөлімнің кезекші тобы 1-шағынаудандағы 29-үй маңында мас күйде жүрген жас жігітті байқайды. Ол қатты мас болып қана қоймай, айқай-шу шығарып, көрінген адамды балағаттап, тиіседі. Ол сақшыларды көрген бойда орама затты лақтырып, қаша жөнелгенімен, көп ұзамай-ақ қолға түсті. Куәлардың қатысуымен тексерген кезде ораманың ішінен пневматикалық тапанша табылды.
Оқиға орнына Жаңаөзен қалалық Ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы шақырылып, олар 22 жасар тұрғыннан аталған тапаншаны тәркіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).