Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жол жүру уақыты 2,5 сағатқа дейін қысқарады

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан Республикасының шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 179-229 шақырым аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

Фото: ҚазАвтоЖол

Жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын бұл учаске халықаралық транзиттік бағыттың маңызды бөлігі саналады.

Жоба жолдың техникалық жағдайын жақсартумен қатар, Қазақстанның Түрікменстан және Иран бағытындағы транзиттік әлеуетін арттыруға, Кендірлі курорттық аймағының көлік қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Қазіргі уақытта 50 шақырымда жер жұмыстары орындалып, геотекстиль және С4 қиыршық тас пен құм қоспасы төселген. Сондай-ақ 47,5 шақырымда қара қиыршықтастан жоғарғы негіз қабаты, 38 шақырымда ірі түйіршікті асфальтбетон жамылғысы төселді.

– Бұған дейін Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі күрделі учаскеден өтуге транзиттік көлікке орта есеппен 7 сағатқа дейін уақыт кетсе, жөндеу аяқталғаннан кейін жол жүру уақыты шамамен 2-2,5 сағатқа дейін қысқарады, – делінген хабарламада.

Жол жабынының жаңа конструкциясы жалпы қалыңдығы 45 сантиметр болатын күрделі үлгідегі жабыннан тұрады.

Сонымен қатар «Темір-Баба» өткізу пунктінің бейтарап аймағындағы 1,8 шақырымдық учаскеде жер жұмыстары аяқталып, геотекстиль, қиыршықтас-құм қоспасы, қара қиыршықтас және асфальтбетон қабаттары төселген.

Жолды жаңғырту нәтижесінде қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығы артып, бағыттың өткізу қабілеті жақсарады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ жоба Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, Маңғыстау өңірінің көлік-логистикалық және туристік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін осы жолдың 50 шақырымдық учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының барысы және жаңартылған жол Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жол жүру уақытын едәуір қысқартатыны хабарланған болатын.