Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы мен дат спортшысы Якоб Банк арасындағы әлем чемпионы титулы үшін өтетін жекпе-жекке қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды INFORMSPORTS .

Фото: Sports.kz

WBO президенті Густаво Оливьери қос боксшының командалары екінші орта салмақтағы (168 фунт) бос тұрған WBO әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасуға толықтай келісімге келгенін ресми хат арқылы растады. Ұйым тарапынан келіссөздер жүргізуге берілген соңғы мерзім аяқталар тұста қос тарап ортақ мәмілеге келген. Бұл тарихи айқастың нақты өтетін күні мен орны алдағы уақытта жарияланады.

Айта кетерлігі, Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) осы салмақтағы WBO рейтингінде 1-орында тұрса, Якоб Банк (20-0, 11 КО) 3-ші сатыға жайғасқан. Бұл титул бұған дейінгі чемпион, британиялық Хамза Шираз қазақстандық боксшымен белбеуін қорғаудан бас тартып, оны босатқаннан кейін иесіз қалған болатын.

Бұдан бұрын Жәнібектің қарсыласы мәлімдеме жасағанын жазған едік.