Жануарларға қатыгездік пен экологиялық заңбұзушылықтар үшін жаза қатаңдатылады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды мақұлдады.

Фото: Сенат

Аталған заңдар аңшылық саласын дамыту, жануарлар дүниесін сақтау, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік заңнаманы жетілдіруді көздейді. Әсіресе бақылауды күшейтуге, жауапкершілікті арттыруға және табиғи ресурстарды орнықты пайдалануға жағдай жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

– Мемлекеттік табиғи қорықтарда жабайы аң-құстарды қолдан өсіруді дамыту тетіктері енгізіледі, аңшылық жүргізу талаптары күшейтіліп, мерзімдері нақтыланады, сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген жануарларды тіркеу тәртібін айқындау бойынша уәкілетті органның құзыреті белгіленеді, – деп атап өтті Сенат депутаты Арман Өтеғұлов.

Аңшылықты реттеу мақсатында жануарлар дүниесі нысандарын лимиттелетін және лимиттелмейтін түрлерге бөлу арқылы реттеу енгізіледі. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау инспекторларына нысандар санын реттеу өкілеттіктері беріледі.

– Қорықшыларға қойылатын функционалдық талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ аңшылардың және аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қоғамдық бірлестіктер қауымдастықтарына қорықшыларды арнайы даярлауды ұйымдастыру міндеті жүктеледі. Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану тәртібі де реттеледі, – деді спикер.

Сонымен қатар, заңда аңшылық шаруашылығын жүргізу құқығының мұрагерлік тәртібімен ауысу тәртібі регламенттеледі.

Бұдан бөлек, аңшылық шаруашылығын жүргізу шарттары бойынша құқықтарды беруге шектеу енгізіледі. Бұл шаралар құқықтарды қайта сату және жалған делдалдықпен байланысты жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға бағытталған. Аталған шектеулер заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі құқықтық мирасқорлық жағдайларына қолданылмайды.

Ал қылмыстық заңнамаға Президенттің жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасы аясында нормалар енгізіледі. Бұл шара жануарларды қорғауды күшейтуге, зорлық-зомбылық қылмыстарының алдын алуға және қоғамда гуманистік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

– Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жауапкершілік күшейтіледі. Атап айтқанда қоршаған ортаға эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату және пайдалану талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті реттейтін нормаларға да түзетулер енгізіледі, – деді А. Өтеғұлов.

Бұған дейін Сенат сот орындаушылар жауапкершілігін арттыру туралы заңды мақұлдаған еді.

Сондай-ақ, цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша ел заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енбек.