«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын мақұлдау процесінде ҚР ІІМ қылмыстық жауапкершілікті күшейту бойынша ұсыныстар әзірледі. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 316-бабы тым жұмсақ. Сондықтан оны қатаңдату қажет. Одан бөлек, біз ҚР Қылмыстық кодексінің 313-бабын (Қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) қатайту бойынша ұсыныстар енгіздік. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейту, яғни ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша ауыл шаруашылығында мал жаю ережелерін, ит пен мысықты асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, жою ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылды», - деді А. Өскембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 313-бабы бойынша айыппұл түріндегі санкцияны 2000 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылған. Қоғамдық жұмыстар 600 сағаттан 1000-ға дейін, шектеу немесе бас бостандығынан айыру – 2 жылдан 5 жылға дейін артуы мүмкін. Қылмыстық жауапкершілік жасын 16 жастан 14 жасқа төмендету ұсынылады.
«Қылмыстың өзі қылмыстық теріс қылық санатынан орташа ауырлықтағы қылмысқа ауыстырылады. ҚР ӘҚБК-нің 408-бабы бойынша ескерту түріндегі жазаны алып тастауды және 408-баптың 2-бөлігінде айыппұлды 10-нан 20 АЕК-ке дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл ұсыныстарды ҚР ІІМ Бас прокуратураға енгізді және мақұлданды. Болашақта жұмыс топтарының отырыстарында қаралғанда бұл нормалар өз орнын табады деп ойлаймын», - деді А.Өскембаев.