Жапония үкіметі сарапшылар тобының ұсыныстары мен биліктегі Либералдық-демократиялық партияның талқылау қорытындысын зерделегеннен кейін құжаттардың соңғы нұсқасын бекітеді. Бұл туралы дереккөздер жұма күні хабарлаған.
Ядролық қозғалтқышпен жүретін сүңгуір қайықтар дизельді кемелерге қарағанда су астында ұзақ уақыт болып, жоғары жылдамдықпен қозғала алады. Сондай-ақ оларды алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарға арналған тік ұшыру қондырғыларымен жабдықтауға болады. Осы мүмкіндіктеріне байланысты мұндай кемелер қарсы соққы беру, яғни қарсыластың әскери базаларына соққы жасау қабілетін қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін.
– Ядролық сүңгуір қайықтар экипаж мүшелеріне қауіпсіздік деңгейі жоғары жағдайда операциялар жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Жапонияның қорғаныс министрі Синдзи́ро Коидзуми.
Алайда ядролық сүңгуір қайықтарды жасауға триллиондаған иен қаражат қажет болуы мүмкін. Бұдан бөлек, осы салаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі де өзекті болып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін жапон ғалымдары Антарктида мұздарын бұрғылау арқылы Жер климатының құпиясын ашуға бел буғанын жаздық.