Мамандар аюды ұстау үшін төтенше шараларды қабылдап жатқан кезде, жануар кешке ізін суытқан. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, полиция қызметкері аюдың қоршаудан асып кеткенін көрген.
Зауыт аумағынан жыртылған терезе торы мен басқа да іздер табылған. Бұл аюдың терезе ілгегін босатып, оны ашып қашып кеткен болуы мүмкін екенін көрсетеді.
— Біз аюдың алдыңғы аяқтарын кранға тіреп, су ішкенін де көрдік. Ол өте ақылды жануар, — деді Фукусима қаласының мэрі Юки Баба.
Зауыт аумағында 4 қақпан орнатылып, тез тұтанатын материалдардың болуына байланысты жануарды ұйықтататын дәріні қолдануға рұқсат берілген. Алайда аюға арнайы оқ-дәрі атылғанымен, кейін дәрінің денесіне толық енбегені анықталған.
Бейсенбі күні аюды іздеу үшін дрондар жұмылдырылды. Жақын маңдағы бастауыш және орта мектептер қашықтан оқыту форматына көшірілді. Оқушылардың жұма күні қайтадан дәстүрлі оқу жүйесіне оралуы мүмкін.
Аю сейсенбі күні таңғы сағат 06:30 шамасында Сасакино ауданындағы бөлшектер шығаратын зауыт аумағына кіріп, екі жұмысшыға шабуыл жасаған. Кейін көрші үйдегі бір адамға және басқа кәсіпорындағы тағы бір адамға тап берген.
Нәтижесінде жасы 20 мен 80 аралығындағы 4 ер адам мен әйел жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында бет сүйектерінің сынуы сияқты ауыр жарақаттар болғанымен, олардың ешқайсысының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, Жапонияда аюдың адамға шабуылы көбейгендіктен оларды қайта санау басталды.