Жапонияда аптап ыстықтан бір аптада 7 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда соңғы бір апта ішінде аптап ыстық салдарынан 7 адам қайтыс болды. Тағы 9 мыңнан астам тұрғын күн өту белгілерімен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС .

Фото: Magnific

Жапонияның құтқару қызметтерінің жұмысын үйлестіретін Әкімшілік істер және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, 27 шілде мен 2 тамыз аралығында күн өту белгілерімен 9 180 адам ауруханаға жатқызылған. Олардың жетеуі көз жұмған.

Мамыр айының басынан бері, яғни апта сайынғы статистика жариялана бастаған уақыттан бері, күннің ыстығынан ауруханаға түскендер саны 52 мыңнан асты. Осы кезеңде 79 адам қаза болған.

Жапонияда ең жоғары ауа температурасы дәстүрлі түрде шілде және тамыз айларында тіркеледі. Соңғы апталарда елдің кейбір өңірлерінде ауа температурасы 40°C-тан жоғары көтерілген.

Елде жыл сайын аптап ыстық салдарынан ондаған мың адам күн өтіп, жүздеген адам көз жұмады. Жоғары температура адамдарға ғана емес, жануарларға да әсер етіп отыр. Өткен аптада Токио хайуанаттар бағында үш арыстан ыстықтан қырылған.

Еске салайық, бұған дейін Румынияның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты «қызыл» қауіп деңгейі жарияланған болатын. Сондай-ақ соңғы күндері Италияны да аптап ыстықтың жаңа толқыны басып, көптеген ірі қалада ең жоғары – «қызыл» метеорологиялық қауіп деңгейі енгізілген еді.