Жапонияда биіктігі 50 см дейін цунами тіркелді

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Жапония Ресейдегі Камчаткада болған күшті жер сілкінісінен кейін елдің Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупі туралы жариялады, деп хабарлайды Kyodo News.

Жапонияның солтүстік және шығыс бөлігінде биіктігі 50 сантиметрге жететін толқындар тіркелді. 

Цунами туралы ескерту жағалау бойындағы теміржол және әуе қатынасын үзді, сондай-ақ «Фукусима-1» АЭС операторын Тынық мұхитына тазартылған радиоактивті суды жіберуді тоқтатуға мәжбүр етті.

Жапонияның метеорологиялық басқармасы солтүстіктегі Хоккайдодан батыстағы Вакаяма префектурасына және оңтүстігіндегі Огасавара аралдарына дейінгі аудандарда цунами толқындары болуы мүмкін екенін ескертті. Ол ескертудің күні бойы күшінде қалуы мүмкін екенін қосып өтті.

Мияги префектурасындағы Исиномаки портында биіктігі 50 см (20 дюйм) цунами, ал Ибараки префектурасының Оараи қаласында биіктігі 40 см (16,5 дюйм) толқын тіркелді.

Премьер-министр Сигэру Исиба халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолдануға уәде беріп, министрліктер мен ведомстволарға цунамиден болуы мүмкін залалды барынша азайтуды тапсырды. 

Жапония Қорғаныс министрлігі ақпарат жинау үшін Тынық мұхиты жағалауына ұшақтар жіберді.

Еске сала кетсек, 28 шілдеде Камчаткада күшті жер сілкінісі болғанын жазған едік. 

Камчаткадағы жер сілкінісі әртүрлі елдерде цунами қаупін тудырды