Заңға сәйкес, «Хиномару» деп аталатын Жапонияның мемлекеттік туын көпшілік алдында бүлдірген, алып тастаған немесе қорлаған адам, егер оның әрекеті өзгелердің «қатты жайсыздануына немесе жиіркенуіне» себеп болса, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 200 мың иенге (шамамен 1300 доллар) дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Бұған дейін Жапонияның қылмыстық заңнамасында шет мемлекеттердің туын бүлдіргені үшін жауапкершілік қарастырылғанымен, өз елінің туына қатысты мұндай норма болмаған.
Заң жобасын биліктегі Либерал-демократиялық партия, оның коалициялық серіктесі Жапония инновациялар партиясы және бірқатар оппозициялық партия ұсынды. Құжат шілде айының ортасында парламентте қабылданды.
Талқылау кезінде оппозиция заңның конституциялық құқықтарға ықпалына және оның тым кең қолданылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Ұлттық полиция агенттігі өңірлік полицияға әрбір жағдайды мұқият бағалап, қамауға алудың негізі мен қажеттілігін жан-жақты тексеруді тапсырды.
Заң жекелеген жағдайлардың мән-жайына қарай қолданылады. Ал қоғамдық емес жерде түсірілген көркем фильмдердегі, сондай-ақ аниме, манга, бейнеойындар мен жасанды интеллект көмегімен жасалған видеолардағы туды қорлау көріністері үшін жаза қарастырылмаған.
4 тамызда 200-ге жуық конституциялық құқық маманы заңның күшін жоюға шақырды. Олардың пікірінше, ол билікті сынайтын көзқарастарды шектеуі мүмкін әрі Жапонияда мемлекеттік туды қорлау оқиғалары сирек кездесетіндіктен, мұндай заңға қажеттілік аз.
Алайда Kyodo News агенттігінің шілде айының соңында жүргізген сауалнамасында респонденттердің 55,8%-ы жаңа заңды қолдаса, 38,9%-ы қарсы пікір білдірген.
Айта кетейік, Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесіп, Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қосымша ақы салынбауы керек екенін мәлімдеді.