Жапонияда ядролық қаруды әкелуге тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда ядролық қаруды елге әкелуге қойылған тыйымды қайта қарау мүмкіндігі қоғамдық деңгейде талқылана бастады. Бұл туралы Kyodo News агенттігі.

Фото: kyodonews.net

Қорғаныс министрі Синдзиро Коидзумидің айтуынша, Еуропаның бірқатар елдері ядролық тежеу әлеуетін күшейтуге ұмтылып жатқандықтан, Жапония да ядролық қару мәселесін қоғамдық деңгейде талқылауы қажет.

Министрдің сөзінше, Жапония бұл тақырыпты талқылаудан тыс қала алмайды. Ол бұл мәлімдемені интернет-бағдарламада жасап, жылдың соңына дейін үкімет қайта қарайтын ұлттық қауіпсіздік саласындағы үш негізгі құжатты меңзеген.

Коидзуми мысал ретінде Франция мен Финляндияны келтірді. Оның айтуынша, бұл елдер ядролық тежеу саясатын күшейтуге бағытталған қадамдар жасап жатыр.

Маусым айында Финляндия парламенті ел аумағына ядролық қару әкелуге мүмкіндік беретін заң қабылдады. Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон наурыз айында елдің ядролық оқтұмсықтар санын арттыратынын мәлімдеген болатын.

Жапония АҚШ-тың «ядролық қолшатырының» қорғауында болғанымен, ядролық шабуылға ұшыраған жалғыз мемлекет ретінде үш ядролық емес қағидатты ұстанып келеді. Олар – ядролық қаруды өндірмеу, иеленбеу және ел аумағына орналастырмау.

Коидзуми Жапония төңірегіндегі қауіпсіздік жағдайы айтарлықтай күрделенгенін айтып, кейбір мәселелерді талқылауға болмайды деген көзқарастан бас тарту қажет екенін жеткізді.

Өткен жылдың желтоқсанында премьер-министр Санаэ Такаити үкіметінің қауіпсіздік саясатын әзірлеуге қатысқан дереккөз Жапонияның ядролық қаруға ие болуы керек деген пікір білдірген. Бұл мәлімдеме оппозициялық партиялар мен бірқатар шет мемлекеттердің сынына ұшырады.

Бұған дейін елдің бұрынғы қорғаныс министрі Ицунори Онодэра да Жапонияның ядролық емес қағидаттарының болашағын талқылау қажет екенін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, МАГАТЭ Ираннан шұғыл түрде ядролық нысандарға қолжетімділікті талап еткенін жазғанбыз.